30 мамыр 1 маусым аралығында Астана қ. «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені базасында ауқымды халықаралық жарыстар – конкурдан Еуразиялық Лиганың Әлем Кубогының кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүру бойынша халықаралық турнир (FEI CDI 1*) өтеді.
Жарысқа алыс және жақын шетелден алты елдің мықты құрама командалары қатысады деп күтілуде. Іс-шара халықаралық стандарттарға сәйкес Халықаралық ат спорты Федерациясының (FEI) қолдауымен өткізіледі.
Үш күн ішінде 60-тан аса үздік спортшы әр түрлі кедергілерден тұратын маршруттар мен атпен жүруден өз шеберліктерін көрсетеді деп жоспарлануда.
Конкур – ол жылқының және шабандоздың кедергілерден өту қабілетін анықтайтын олимпиадалық спорт түрі. Мақсат – қашықтықты қателіксіз әрі мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде еңсеру.
Атпен мәнерлеп жүру – ат спортының жоғары деңгейі, мұнда шабандоз бен ат арнайы аренада дәлдікпен және үйлесімділікпен түрлі қимылдарды орындайды.
Астанада Әлем Кубогының кезеңін Қазақстанда өткізу ат спортына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – тек ел үшін ғана емес, барлық ат спорты жанкүйерлері үшін маңызды спорттық іс-шара болмақ. Ауқымды деңгейдегі жарыстар қазақстандық спортшыларға өз шеберліктерін арттырып, шетелдің мықты шабандоздарымен бәсекеге түсіп, халықаралық турнирлерге біліктілік жолдамаларын алу мүмкіндігін береді.



