Бүгін «Арғымак» ат-спорттық сауықтыру кешенінің аумағында конкурдан Еуразиялық лиганың Әлем кубогының кезеңі (FEI CSI 1*-W) және атпен мәнерлеп жүру бойынша халықаралық турнирге дайындық аясында кезектен тыс сенбілік өтті. Кешен қызметкерлері жазғы трибуна маңындағы аумақты тазалап, қоқыс пен құрғақ бұтақтарды жинады, жолдарды сыпырып, көгалдағы және трибуна жанындағы шөптерді шапты. Сондай-ақ автотұрақ пен кіреберіс жолдар да ретке келтірілді.
Көрермендер мен жарысқа қатысушыларға арналған аймақтарды абаттандыруға ерекше көңіл бөлінді: орындықтар тексеріліп, арамшөптер жұлынып, уақытша құрылыстар орнатылатын жерлер тегістелді. Манеждер мен оларға апаратын жолдардың жағдайы тексеріліп, тазалық пен қауіпсіздік қамтамасыз етілді.
«Бүгінгі сенбілік аясындағы тазалық жұмыстары халықаралық турнирдің қатысушылары, қонақтары мен төрешілері үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған», — деді «Арғымак» ат-спорттық сауықтыру кешенінің басшысы Аманжол Амандықұлы.
Айта кетейік, 29 мамыр мен 1 маусым аралығында Астана қаласындағы «Арғымак» ат-спорттық сауықтыру кешенінің базасында конкурдан Еуразиялық лиганың Әлем кубогының кезеңі (FEI CSI 1*-W) және атпен мәнерлеп жүру бойынша халықаралық турнир (FEI CDI 1*) өтеді. Турнир Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен ұйымдастырылады.
Аталған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және алыс-жақын шетелден келген 60-тан астам үздік спортшы қатысады. Үш күн бойы шабандоздар түрлі деңгейдегі сайыстарда өз шеберліктерін көрсетеді. Сонымен қатар, қатысушылар 2026 жылы өтетін FEI Әлем чемпионатына жолдама беретін рейтингтік ұпайлар жинай алады.


